«Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығы» КМК-де медициналық персонал мен әкімшілік қызметкерлерге арналған ішкі семинар өтті. Жиынның басты мақсаты — 2026 жылға арналған ақпараттық қауіпсіздіктің жаңа саясатын енгізу және медицина саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту.
Семинар барысында келесі негізгі бағыттар қаралды:
- Дербес деректерді қорғау:Пациенттердің құпия ақпаратын өңдеу кезіндегі жауапкершілік мәселесі талқыланды. Кез келген ақпараттың тарап кетуі заң алдында жауап беруге және мекеме беделіне нұқсан келтіруге әкеп соғатыны ескертілді.
- Заңнамалық талаптар:2026 жылғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, медициналық ақпараттық жүйелердің (МАЖ) қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтілді. Қазіргі уақытта барлық жүйелер тиісті мемлекеттік органдардың тұрақты мониторингінде.
- Цифрлық гигиена және жеке жауапкершілік:Әрбір қызметкер өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) мен құпия сөздерінің сақталуына жеке жауапты. Оларды бөгде тұлғаларға беруге немесе қараусыз қалдыруға қатаң тыйым салынады.
- Байланыс арналарының қауіпсіздігі:Медициналық деректер мен құжаттарды мессенджерлер (WhatsApp, Telegram және т.б.) арқылы жолдауға шектеу қойылды. Ақпарат алмасу тек қорғалған қызметтік арналар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
- Техникалық қауіпсіздік:Жұмыс орнынан кеткен жағдайда компьютерлік техниканы міндетті түрде бұғаттау нормасы енгізілді.
Жауапкершілік:
Ақпараттық қауіпсіздік ережелерін бұзғаны және дәрігерлік құпияны жария еткені үшін қызметкерлер тәртіптік, әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені түсіндірілді.
Орталық әкімшілігі пациенттердің құқықтары мен деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мекеменің басты басымдығы екенін атап өтті.


